ТОП просматриваемых книг сайта:
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
Читать онлайн.Год выпуска 2016
isbn 978-601-041633-8
Автор произведения Коллектив авторов
Жанр История
Издательство КазНУ
Мысалы, С.И. Руденко, А.Н. Бернштам, Л.П. Потапов және т.б. оның мынандай қалыптасу кезеңдерін атап көрсетеді: үйдің айналасындағы малшылық; бір жайылымнан екінші жайылымға малды қуалап айдайтын бақташылық; бүкіл жаз маусымында далаға, тау бөктеріне малды еркін жаятын жайлаудағы малшылық. Әрине, мұндай малшылық түрлері бағылатын мал басы түрлерінің де өзгеріске ұшырауына алып келді. Мысалы, едәуір алысқа жайылатын малдың құрамында мүйізді ірі қара азайды, керісінше қой, ешкі және жылқы малдарының үлесі артты. Қазақстан аймағындағы көшпенді мал шаруашылығын басқа өңірлердегі, мысалы, Кавказдағы, Солтүстік Африкадағы көшпелілер өмірімен салыстыру көшпелі шаруашылықтың нақты тарихи және шаруашылықтық-мәдени және экологиялық жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап, олардағы мал бағатын шаруашылықтың түрлерінің де әр түрлі болып келетінін аңғартады.
Сондықтан да, біздің ойымызша, мал бағатын шаруашылықты отырықшы малшы, аңшы-малшы, жартылай көшпелі, таза көшпелі деген тәрізді түрлерге бөлу керек. Әрине, мұндайда мал шаруашылығымен байланысы бар тұрмысты бір сөзбен жалпылама «номадизм» көрінісі ретінде бағалау көшпелі шаруашылықтың ішкі механизмін де, даму эволюциясын да толық зерттеуге мүмкіндік бере қоймайды. Әрине, көшпеліліктің генезисін зерттеуде белгілі бір шаруашылық салаларының пайда болуын да естен шығаруға болмайды. Мысалы, Н. Масанов айтқандай бұған б.з.д. 2 мыңжылдықтың ортасында пайда болған салт аттылар, дәл осы кезеңде өмірге келген далалық құдықтардың қазылуы, темір құралдарының пайда болуы соның нәтижесінде ат-әбзелдерінің жасалуы және жетілдірілуі және малдың қатынас көлігі ретінде пайдаланылуы т.б. көшпеліліктің өркендей түсуіне, жаңа сатыларға аяқ басуына жағдайлар жасады.
Қазақстан жағдайындағы көшпеліліктің шығуына келер болсақ, С.Е. Толыбековтың концепциясы назар аудартады. Онда жайылымдық мал шаруашылығының үш сатысы тарихи-мәдени даму көрсеткіші ретінде қарастырылады. Оның айтуынша, Қазақстанда ХV-ХVІІІ ғғ. аралығында маусымдық жайылымы анықталмаған, жыл бойы көшіп жүру, яғни таза көшпенділік орын алған. Екіншіден, ХVІІІ ғасырдың соңында және ХХ ғасырдың басында бір орнында 6 ай бойы қоныстанған жартылай көшпелі мал шаруашылығының түрі өркендеді. Үшіншіден, таулы, орманды және далалық-орманды аудандарда тұрақты қыстауы бар, малға арналған қорасы бар, және қыстау баспанасы бар, жыл сайын жазда малға арнап шөп шабатын және егін егіп диқаншылықпен айналысатын біршама отырықшы, бірақ жайылымды экстенсивті мал шаруашылығы өрістеген.
Сонымен бірге қазақ көшпелілерінің көшу жүйесінде қыстау, көктеу, жайлау және күздеу тәрізді айналып көшу жүйесі қалыптасқаны да белгілі.