Скачать книгу

барша сарай ұлықтары ақылдаса келіп, олардың араларына шымылдық құрып, екі бөліп отырғызды. Түрік елшілері шығыс жақ төрінен, Түргеш батыс жақ төрінен орын алды. қонақасыдан соң олар мол сыймен қайтарылды». Қандас халықтардың осылайша ата жауларының көзінше екіге жарылып, ашық жауласуы оларға абырой әпере қоймай, түптің түбінде егемендіктен екеуінің де айырылуына алып келді.

       Сұлу қағанның өмірінің соңғы жылдары Талас өзені бойына баса-көктеп кірген арабтарға қарсы күреске арналды. Мұндайда бірде түргештер жеңіске жетсе, бірде арабтар жеңіп дегендей, өзара текетірес өрши түсті. Осындайда Түргеш мемлекетіне өздерінің үстемдіктерін арттыра түсуді көздеген қытайлықтар Талас бойына әскер кіргізді. Осында олар 751 жылы араб әскерлерімен кездесіп қалып, қырғын соғыс болды. Тараз қаласы маңындағы Атлах қаласы түбінде бес күнге созылған бұл шайқастың тағдырын Жетісу жеріне көптеп қоныстана бастаған Қарлықтардың соңғы сәтте арабтар мен Түргештер жағына шығып кетулері шешті. Таң патшалығының әскерлері күйрей жеңіліс тауып, амал жоқ кейін шегінді.

      Алайда бұл оқиға Жетісу мен Түркістанда арабтардың күшейе түсуіне ықпал жасай қоймады. Орта Азияда халық наразылықтарының асқына түсулері оларды да кейін шегінуге мәжбүрледі. Осындай қолайлы сәтті де түргеш рубасылары мемлекетті нығайту ісіне орынды пайдалана алмады. Сарылар ұлысы мен Қаралар ұлысының өзара аңдысып, үздіксіз таққа таласуы өршіп кетті. Өмірінің соңына қарай халықтан алынатын алым-салықты көбейтіп жіберген және соғыс олжаларына құнығып кеткен Сұлуға ел разы болмай наразылық басталып, жарты денесі салданған, жарымжан Сұлу қаған ақыры өлтірілді. Осыны пайдаланған қытай тағы да арнайы әскер жіберіп, Сұлудың баласын да, оны қолдайтын Сары түргештерді де тақтан аластады. Алайда қытайлықтардың жағдайды пайдаланып, байырғы Ашына әулетінен қуыршақ қаған тағайындамақ болған қулығы да жүзеге аспай қалды. Билікке Сұлуды өлтірген, Сары түргештердің Бай баға қағаны келді. Алайда Қара түргештер де Сарылармен теке тіресіп, өздерінен қаған көтеруді тоқтатпады. Мұның өзі Түргеш қағанатын шын мәнінде әлсіретті және Сарылар мен Қаралардың қайта-қайта хан болуы кесірінен, VІІІ ғ. орта шенінде Түргештер әртүрлі ұлыстарға бөлшектеніп, егемендіктен қалай айырылғандарын да байқамай қалды. Саяси билігі қожыраған мемлекеттің тағын шығыстан Суяб (Шу) өзінінің бойына қоныс аударып келген Қарлық тайпалық бірлестігі 766 жылы иемденді.

      Түргеш мемлекетінің күйреу қасіреті үлкен күреспен қол жеткен егемендікті бағалай білмеудің, саяси тұлғалардың биік лауазым үшін күресті ел мүддесінен жоғары санауларының апатты салдары болып табылады. Бұл тарих тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ екендігін тағы да дәлелдеп берді. Десекте, одан тағылым алу қателікке ұрынған бұрынғыларға емес, бүгінгі бізге аса қажет.

      Азаттықты аңсаған Қарлықтар

      Қазақстан аймағының байырғы ортағасырлардағы

Скачать книгу