Скачать книгу

Көлтай торы аттың әңгімесіне қайта оралайық. Аттың Көлтай торы деген аты елдің азаматына байланысты. Атты алғаш мінген осы адам болса керек, кейін бұл жігіт соғыстан қайтпаған. Атты бәйгеге жарататын Бәден деген ақсақал еді, ұмытпасам қой фермасының бастығы болатын. Атқа шабатын бала – Бегім. Бұл бала бізге жігіт болып көрінетін. Өзі мықты, айлакер, ат сиқырын білетін, жылқы баққан бала болатын. Көлтай торының басы қатты, бір езу еді, сондықтан оған шапқанда басына ие болу оңай болмайтын, ол тек Бегімнің қолынан келетін. Көлтай торы аттың бағын ашуда осы бір талантты баланың үлесі көп. Көлтай торы бәйгеге шапқанша алқам-салқам, олқы-солқы болып көрінетін, ал бәйгеден бірінші болып келгенде Жануар ерекше сұлуланып, билеп келетін. «Шіркін жарықтық-ай, бірінші болып келгенін біліп тұр ғой» – деп, халықтың айтқан сөзін талай естігенбіз. Кейінгі кезде, тер алғанда, Көлтай торыға біздің Жәкең де шауып жүрді. Бірақ бұл кезде торы аттың бағы тайып, аяғы кете бастаған кез еді. Әйткенмен де, Көлтай торы атқа шабу Жәкең үшін қандай абырой, қандай қуаныш болды десеңізші. Космосқа ұшқанмен тең.

      Жәкеңнің негізгі шабатын аттары бұл Қызыл Еңбек колхозының Моряк деген кіші торы аты мен Қызыл көк деген ат еді. Осы Қызыл көк атпен аудандағы жетінші ноябрдің талай бәйгесіне қатысқан.

      Жәкеңнің жас кезінде атқа шабуда жеткен үлкен жеңісі бұл Бестау колхозының Сары бауыр атының бағын ашуда.

      Әлі есімде, біздің үйге жетінші ноябрдің қарсаңында Бестау колхозының бастығы Қапсалық келіп түсті. Өзі бір аңқылдаған, ақ құба, келіскен адам екен. Ноябрь бәйгесіне қосуға алып келе жатқан Сары бауыр аты бар екен. Ат – жас ат. Осы атқа шабуға әкемнен Жәкеңді сұрап алды. Жәкең осы бәйгеде Сары бауыр атты екінші келтірді. Тіпті, бірінші орын алуы да мүмкін еді, егер Жәкең осы жас аттың, жетінші ноябір мейрамының үлкен бәйгесіне түсіп тұрған аттың, сырын сәл ертерек білгенде. Сөйтіп Жәкең осы Сары бауыр аттың бағын ашты. Бұл бәйгеге Май ауданының неше түрлі аты шулы жүйрік аттары қатынасқан. Солардың ішінде Жалтыр колхозының қоян жүйрік Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, басқа да тамаша аттар. Жәкеңнің аты осы екі жиреннің ортасында келген.

      Тағы да бір жәйт. Жәкең мен ес білгелі, мектепте әйтеуір бір бастық болатын – комсомол ұйымының хатшысы, учкомның бастығы, т.б. Жоғарғы кластарда өзімен бірге оқыған балалардың лидері. Өзі жақсы оқитын, өзі бастық, қарапайым, досқа көмекке дайын тұратын. Қыздарды да жек көрмейтін. Осы тұста бір мысал. Жәкең тоғызыншы класта. Сол кезде біздің колхоздан қырық шақырым жерде тұратын Киров совхозының жетінші класта оқитын Амангүл деген қызы ән айтып аудандық Олим- пиадада бірінші орын алыпты. Осыны естіген Жәкең, қызды көрмесе де, сыртынан ұнатып, сол қызға өлеңмен хат жазады. Ол хат Кировтағы мектеп директорының қолына түседі. Бұлар, әйтеуір бұл жақсы нәрсе емес деп, әлгі қызды педсоветке (мұғалімдер кеңесіне) салады. Қыз байғұс жылайды, бұндай баланы білмеймін, көрген емеспін, пәле болды ғой маған деп зар илейді.

Скачать книгу