Скачать книгу

күні бүгінге дейін жеріне жеткізіп айта алмай отырмыз. Сондықтан да шетелдік зерттеулер қазақ халқының тарих сахнасына шығуын қазақ этнонимі пайда болған XV ғасырдың ортасынан бері қарай қарастырады. Біз ұсынып отырған оқулықта осы кемшілікті жоюға байланысты зерттеулер мен ой-пікір, тұжырымдар басшылыққа алынып, қазақ халқының ежелгі этникалық тарихы кейінгі кезеңдермен байланыстырыла баяндалды.

      Қазіргі кезеңде кейбір саясаткерлер, шетелдік зерттеушілер тәуелсіз Қазақстанға дейін қазақ халқында мемлекеттілік болған жоқ деген пікірді айтуда. Зерттеушілердің арасында Қазақстан аймағын Қырғыз қағанатының, Моңғол империясының немесе Ұйғыр қағанатының құрамындағы саяси құрылым ретінде қарастырып жүргендер де бар. Қазақ жерінің едәуір бөлігін Қытай мемлекетінің құрамына енгізіп, осылайша тарихты бұрмалап оқытатын шетелдіктер де кездеседі. Осындай әрекеттердің бәрі – Қазақстан жеріндегі ежелгі және орта ғасырлардағы мемлекеттік құрылымдардың (әр түрлі елдердің, қағанаттардың және ордалардың) тарихын сабақтастықта және жүйелі түрде қарастырмаудың салдары. Өкінішке орай, ең алдымен мұндай мемлекеттік құрылымдардың этникалық және саяси-әлеуметтік жалғастықтары, тығыз байланыстары назардан тыс қалып келеді. Сонымен бірге, әлі күнге дейін қазақ хандығының құрылу мерзімі зерттеушілердің өз арасында алуан түрлі пікірлер туғызуда. Біздің ойымызша, бұл мәселеде әйгілі тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидың атап көрсеткен тарихи мерзіміне тоқталған жөн.

      Тарихымызда отарланған Қазақстанның және ондағы ұлт-азаттық қозғалыстарының сипатын жаңа көзқараспен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру да жетіспей жатыр. Кеңестік тоталитарлық жүйе жылдарындағы жазалау механизмінің Қазақстандағы өзіндік ерекшеліктері де толық баяндалып біткен жоқ. Осындай тарихи олқылықтардың орнын толтыратын тарихымызды шынайы да объективті жаңа көзқараспен баяндайтын оқулықты тарихшы мамандарға ұсыну – бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Яғни қолда бар зерттеулерді және тарихи деректерді сыннан өткізу арқылы жоғарыдағыдай кемшіліктерді тарихымызда жоюға бағытталған іс-әрекеттерге баруымыз керек. Онсыз тәуелсіз Қазақстанның қадір-қасиетін, халқымыздың тағдырындағы тарихи маңызын айқын түсіну қиын.

      Сондықтан да осындай аса өзекті мәселелерге түсіністікпен қарай отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ғалымдары мен оқытушылары жаңа оқулық жазуды қолға алды. Біз бұл оқулық тарихты баяндаудың үздік үлгісі деп айтудан аулақпыз. Десек те, егер де жоғарыда аталған және тағы да басқа тарихымыздағы қиыншылықтар біз ұсынып отырған осы оқулықта едәуір жөнделген болса немесе тарихшыларымыздың жеке зерттеулеріндегі тың және соны қағидалар айтарлықтай басшылыққа алынған болса, бұл оқулық өзінің мақсатына жетті деп ойлаймыз.

      Алда, әрине тарихшыларымыз осы бағытта жұмыстар жасап, жаңа оқулықтарды дүниеге келтіретін болады. Оған ешқандай күмәніміз жоқ. Болашақта жазылатын Қазақстан тарихының

Скачать книгу