ТОП просматриваемых книг сайта:
Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова
Читать онлайн.Название Жалпы гидробиология
Год выпуска 2017
isbn 978-601-04-2166-0
Автор произведения Б. Минсаринова
Жанр Учебная литература
Издательство КазНУ
Қалыпты қысымда су 100ºС-та қайнайды, 0ºС-та мұзға (p = 0,92 г/см3 ) айналады, сондықтан мұз су бетінде қалқып жүреді. Температура +4ºС болғанда тығыздығы 1 г/см3 болады. Су температурасы +4 °C-қа жақындағанда тұщы судың көлемінің арту қасиетінің экологиялық маңызы өте зор. Себебі жылыну немесе салқындау салдарынан судың беткі қабатындағы су температурасы +4 °C шамасында болғанда, тығыздық градиентінің теңесуі басталады. Судың үстіңгі қабатындағы тығыздығы жоғары су төменге түседі, ал төменгі қабаттағы су жоғары көтеріледі, осылайша су араласып гидробионттардың тіршілік ету жағдайының өзгеруіне алып келеді. Су салқындағанда судың көлемінің ұлғаю қасиеті олар үшін өте маңызды. Осының арқасында мұз судың беткі қабатында қалқып, оны суық ауадан оқшаулайды және жоғарыда айтылғандай саяз суқоймаларының түбіне дейін қатып қалудан сақтайды.
Судың тұтқырлығы. Басқа да сұйықтықтармен салыстырғанда судың тұтқырлығы шамалы, бұл оның үнемі қозғалыста болуына байланысты. Осыған орай ол гидробионттардың жүзуін жеңілдетеді.
Температура жоғарылаған сайын судың тұтқырлығы біршама төмендейді, ал судың тұздылығы артқан сайын тұтқырлық едәуір өседі. Тұтқырлықтың өзгеруі локомоторлық жүйесі нашар дамыған майда организмдердің қозғалуына күшті әсер етеді. Өйткені үйкелісу күшіне әсер ететін салыстырмалы бет өте үлкен. Қимыл-қозғалыс жүйесі жоқ гидробионттар үйкеліс болмаған жағдайда су қабатында тұру қабілетінен айырылады, ал қимыл-қозғалысы дамыған формалар су түбіне түспеу үшін көп қосымша энергия жұмсаған болар еді.
Су тұтқырлығы организмдердің су қабатында қалқып тұруын жеңілдетеді, осыған орай көптеген гидробионттарда сумен үйкелісу күшін арттыруға бағытталған арнайы бейімделушіліктер қалыптасқан. Бұл әсіресе жаз айларында, температураның жоғарылауына байланысты судың тұтқырлығы төмендеген кезде жақсы байқалады.
Судың беткі тартылыс коэффициенті жоғары – 76 эрг/см2, ол температураға және тұздылыққа байланысты 75-77 эрг/см2 аралығында ауытқып тұрады. Ал глицеринде бұл көрсеткіш 65 эрг/ см2, аммиакта 42, басқа сұйықтықтарда 30 эрг/ см2-ден төмен болады. Судың беттік қабығы организмдер үшін ерекше тірек болып табылады. Оны пайдалану үшін дене жабынына су жұғу немесе жұқпау сияқты арнайы бейімделушіліктер дамыған. Дене жабынына су жұқпайтын организмдер судан салмағы ауыр болса да, оған батпайды. Жеңіл салмақты гидробионттар су бетінің жұқа қабығын тірек ретінде пайдаланып, оның үстінде еркін тұра алады.
Судың жылулық және оптикалық қасиеттері. Ауа және топырақпен салыстырғанда судың жылу тұрақтылығы анағұрлым жоғары, бұл организмдердің тіршілігі үшін өте қолайлы. Судың температуралық тұрақтылығының сақталуын оның жоғарғы жылу сыйымдылығы қамтамасыз етеді. Су температурасы үшін өте көп жылу қажет. Мысалы, 1 мл (1 г) суды 1 °C-қа (15ºС-тан 16º-қа) көтеру үшін 1 кал жылу жұмсалуы керек. Тек аммиак пен аздаған басқа заттарда меншікті жылу сыйымдылығы 1-ден жоғары болады.