Скачать книгу

(С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)

      Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.

      АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,

      АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА АС КӨП

      (Екінші нұсқа) *

      «Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.

      Халықтың тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда, олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі» (С. Кенжеахметов, 43. 202-203-б.).

      Яғни, ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.

      *«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.

      АҒАЙЫННАН ЖАТ ЖАҚСЫ – СЫЙЛАСА АЛСА,

      АРҒЫМАҚТАН ЖАБЫ ЖАҚСЫ – ШАБА АЛСА

      «Біреудің жанына екінші біреу көшіп келгенде, оның керегесін жайысып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысу – қазаққа бұлжы-майтын тәртіп. Жаңа көршінің үйі тігіліп болған соң, көмектескен көршілер бір-бір малын сойып, оны үй ішімен асқа шақырады. Бұған ауыл болып мәре-сәре болады. „Көрші хақысы – тәңір хақысы“ деп түсінетін қазақта, міне, осыдан бастап өзара көмек, қормалдық, сенім басталады. Алым-берім жүреді. Мұның негізгі ұйытқысы – әйелдер. Бұлар бір-бірімен етене болып кетсе, еруліктің жалғасы берекеге ұласады. Көршілерде той-томалақ, өлім-жітім ортақ атқарылады. Бірге қуанып, бірге қайғырады. Содан келіп „Ағайыннан жат жақсы – сыйласа алса, арғымақтан жабы жақсы – шаба алса“ дегенді қазақ осыдан шығарған». (А. Жүнісұлы, 9. 13.04.1995.)

      Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.

      АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,

      ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР

      «Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: „Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).

      Бұл – бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.

      АҒЫ БАРДЫҢ – БАҒЫ БАР

      «Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. „Ағы бардың – бағы бар“ деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)

      Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап,

Скачать книгу