ТОП просматриваемых книг сайта:
Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова
Читать онлайн.Название Жалпы гидробиология
Год выпуска 2017
isbn 978-601-04-2166-0
Автор произведения Б. Минсаринова
Жанр Учебная литература
Издательство КазНУ
Су ағысының жылдамдығы ең алдымен өзен табанының еңісіне, су деңгейінің өзгеруіне және өзеннің көлденең қимасына байланысты болады. Ол өзеннің бастауынан сағаға жақындаған сайын бәсеңдейді. Көлденең қимасында су ағысының жылдамдығы медиалда жоғары, жағалауларында, әсіресе жайпақ жағалауларда, төмендеу. Судың түбінде ағыс ортаңғы және үстіңгі қабатына қарағанда әлсіз болады. Жазықтық өзендерде жылдамдық бір м/стан аспаса, су тасу кезінде ол 1,5-2 м/с-ке дейін көтеріледі. Таулық өзендерде су ағынының жылдамдығы 5-6 м/с-ке жетеді.
Өзен суының температурасы суға толу ерекшелігіне, өзеннің ағып өтетін ауданының климатына және әртүрлі гидрологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Ендік бағытта ағатын үлкен өзендер жылы суларды жоғарғы ендікке, ал суық суды төменгі ендікке жеткізеді. Өзендегі судың араласуына байланысты судың температурасы әр түрлі аймақтарда біркелкі. Өзендегі су температурасының маусымдық өзгерісі 0-30ºС болады. Өзеннің таулы бастауында оның тәуліктің ауытқуы 8-10ºС, жазықтық өзендерде 1,0-1,2ºС-дан аспайды.
Таулы өзендердегі судың химиялық құрамы еріген оттектің мөлшері, судың температурасы, оның араласуына байланысты беткі қабатынан түбіне дейін біркелкі болады. Өзен суында жекелеген иондардан карбонатты иондар басым болса, сульфаттар, нитраттар, фосфор, кальций, темір, марганец, кремний және т.б. иондары аздау.
О.А. Алекиннің (1966) классификациясы бойынша өзен сулары гидрокарбонантты, сульфатты және хлоридты деп бөлінеді. Кластарды C,S,Cl белгілерімен белгілейді. Көп өзендер гидрокарбонатты класқа жатады, сирек сульфатты, өте сирек хлоридты (мысалы, Торғай өзені) класқа жатады. Мұз баспаған өзендердің газ режимі тіршілік үшін қолайлы. Судың бетін мұз басқаннан кейін судағы оттек концентрациясы біртіндеп азаяды және ең төмен көрсеткіш мұз түсер алдында байқалады. Қыста өзендерде газ режимі нашарлайды және жиі тұншығу процесі жүреді. Өзен суында көмірқышқыл газының мөлшері жазда аз, қыста оның концентрациясы біршама көтеріледі. Кү-кіртті сутек мөлшері өзен суында жоқтың қасы. Гидрокарбонантты өзендер суының тұздылығы төмен (0,2‰), хлоридті өзендерде тұздылығы 19‰-ға жетеді. Судың минерализациясы жыл маусымына байланысты өзгеріп отырады, су тасқыны кезінде ол төмендейді.
Өзен суында жарық өте тез сіңіріледі және түбіне дейін жетеді, тау өзендерінде судың мөлдірлігі түбіне дейін байқалады. Жазықтық өзендерде мөлдірлік тасу кезеңі мен қалыпты кезеңінің аралығында өте күшті өзгеріп тұрады.
Өзендерді мекендеушілер. Өзенді мекендеушілер алуантүрлілігімен ерекшеленеді. Олардың құрамында планктон, бентос, нектон жақсы дамыған, перифитон шамалы, ал судың ағысы қатты болғандықтан нейстон мен плейстон мүлдем кездеспейді деуге де болады. Әдетте өзенді мекендеушілерді реобионттар (rheos – ағыс, бионт – мекендеуші) деп атайды.
Планктон.