ТОП просматриваемых книг сайта:
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы. Ө. Әбдиманұлы
Читать онлайн.Название ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы
Год выпуска 2017
isbn 978-601-04-2711-2
Автор произведения Ө. Әбдиманұлы
Жанр Зарубежная образовательная литература
Издательство КазНУ
Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлең толғауларымен бірге мысалдар да жазған. Ақынның «Жарты нан хикаясы» атты мысал өлеңі өзінің терең мәнділігімен де, айтар өсиетінің өрелігімен де құнды. Ақын адамның жарқыраған жалған нәрсеге әуестігін өзінде барды місе тұтпай өзгедегіге қызыққаннан опық жейтін мінезін міней көрсетеді. Ақын ойының өзегі – діннің ғибадаттары мен өмірдегі адамдық істің бүтіндігі, бірлігі. Мәшһүр Жүсіптің тәлім-тәрбиеге бағытталған мысал өлеңінің бірі – «Шайтанның саудасы». Шайтан бейнесі арқылы ол адамдар бойына үйір еткен қастық, жауыздық, жамандықтарды таратушы тылсым күш иесін көрсетеді. Сол арқылы адамдар арасындағы алауыздық, зұлымдық, қызғаншақтық, өтірік айту, ғайбаттық өркен жайғандығын меңзеп және ел ішінде соны таратушыларды, әзәзілдің тіліне ергіштерді өткір сынға алады. Онысы мысал жанрының табиғатына сай орынды шыққан. Ақынның мысал өлеңдерін қарастыра келе түйгеніміз, бұл жанрда да ақынның діни-ағартушылық бағытынан алшақтамай, қайта сол бағыттағы ойын өрістете түскендігін аңғарамыз.
Дастандары. Мәшһүр Жүсіп – бірнеше ірі дастандар да жазған ақын. Бірақ олар кезінде жарияланбай, қолжазба күйінде тараған. Оның кейбірі жеке адамдардың өмірін өзек етсе («Жантемір қажы», «Шонтыбай қажы», «Нүсіп хан» т.б.), енді бірі құран сюжеттерінен, шығыстық желіден алынып, солардың негізінде жазылған («Жер мен көк», «Хаятбақшы», «Миғыраж», «Пайғамбардың дүниеден өтуі туралы», «Гүлшат-Шеризат» т.б.) Жылпы алғанда, ол діни-танымдық ойларын шығармашылығында орын алған өзге тақырыптардың негізімен ұштастыра білген. Әр өлеңнен дінді арқау ете отырып еркіндік пен азатшылдықты ұран қылып көтерген ақын мақсатын айқын аңғарамыз.
Ақынның артында қалдырған мол мұрасы тек өлең-жырдан ғана тұрмайды. Оның өз қолымен жазып қалдырған қолжазбасы зерттеушілердің айтуы бойынша отыз томдай. Онда қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, өнері мен әдет-ғұрпына қатысты ұшан теңіз мұра бар.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев – өмір бойы ғылым-білім үйреніп ізденіспен өткен. Ғылым-білім арқылы ұлтының санасын оятуға ұмтылып, тура жолды нұсқай білген ғұлама жанның бірі. Ол ХХ ғ. басындағы әдебиеттің әр түрлі саласында қалдырған мол мұраларымен қазақ әдебиеті тарихының тарихының аталған кезеңінен ерекше орын алады.
Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылық ғұмырнамасы
2. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабындағы ұлт мүддесінің көрініс табуы.
3. "Хал-ахуал" жинағындағы азаттық идея.
4. Дастандарындағы идеялық-көркемдік ізденістер.
5. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қазақ руханиятындағы орны.
Реферат тақырыптары:
1. М. Көпеев және қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық