Скачать книгу

саясаттың ұсынылған нұсқасына сыни және зерделенген көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, саяси-экономикалық шешімдердің мүмкін болатын салдарын есептеуге және тиімді экономикалық стратегия мен тактиканы таңдауға үйретеді.

      Қазіргі экономикалық теорияны өткеннен мұра деп қарастырмаса, оны толығымен түсіну мүмкін емес. «Экономикалық идеялар, көзқарастар мен ой-пікірлердің тарихи сабақтастығын сақтаудың орны ерекше»1. Экономика ғылымының тарихын білу ғылымның даму тенденцияларын анықтауға, экономикалық әлемді танудың ішкі логикасын түсінуге мүмкіндік береді. Әлемдік экономикалық ілімдердің жетістіктерін меңгеру білім беру және мәдениет тұрғысында ғана маңызды емес, сонымен қатар экономикалық доктриналарды бағалауға және олардың тәжірибелік маңызын анықтауға мүмкіндік береді.

      Ұсынылып отырған оқу құралы ежелгі ойшылдардың экономикалық идеяларының туындауынан бастап қазіргі экономикалық ой-пікірлерге дейін курстың негізгі тақырыптарының жүйеленген баяндамасын қамтиды. Оқу құралында қазақ ағартушыларының көзқарастары, олардың қазіргі қазақстандық экономикалық ойпікірлердің қалыптасуы мен дамуына ықпалы баяндалған. Әртүрлі бағыттар мен мектептердің әдістемелік ерекшеліктеріне акцент жасалынды, бұл олардың арасындағы жалпы және ерекше белгілерін табуға, экономикалық теорияның даму логикасын анықтауға мүмкіндік береді. Оқу материалын тереңірек меңгеру үшін әр тақырыптың соңында түйінді сөздер, бақылау сұрақтары және тест тапсырмалары берілген.

      Ұсынылған оқу құралында кеңестік кезеңдегі отандық экономикалық ой-пікірлер тарихының талдауы қарастырылмаған. Бұл әлемдік басты ғылыми мектептердің даму логикасына кірмейтін КСРО-дағы экономика ғылымының өзгешелігімен түсіндіріледі. Кеңестің кезеңдегі экономика ғылымының дамуы дербес зерделеуді және талдауды қажет етеді.

      Авторлар осы құралды дайындау кезінде құнды ескертпелері және сын-пікірлері үлкен алғыспен қабылданған профессорлар М.Д. Исқалиевке, Е.Б. Жатқанбаевқа, Р.Е. Елемесовке, доценттер М.К. Байгисиевке және С. Бекмолдинге өз құрметтерін білдіреді.

      Ұсынылған оқу құралы экономикалық ілімдер тарихына қызығушылық танытқан студенттер мен мамандардың кең ортасына, сондай-ақ экономикалық білімге сусаған барлық оқырмандарға арналады.

      ЭКОНОМИКАЛЫҚ ІЛІМДЕР ТАРИХЫНЫҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ

      Экономикалық ілімдер тарихының пәні

      Қазіргі экономикалық білімдердің құрылымында экономикалық ілімдердің тарихы маңызды орын алады. Бұл аталған курстың мәселелік ерекшелігі – экономикалық ой-пікірлердің пайда болуын, қалыптасуы мен дамуын тарихи-кеңістік аспектісінде талдауға байланысты. Осылайша, экономикалық ілімдер тарихының пәні қоғамның түрлі тарихи даму сатыларында экономикалық теорияның жүйелі даму үрдісі болып табылады. Экономикалық теорияның жүздеген жылдар дамуы барысында оның мәні кезең-кезеңмен өзгеріп отырды. ХVІІІ ғасырда экономика ғылымының пәні – «халық байлығының табиғаты мен себептерін» (А. Смит) зерделеу болса, ал ХІХ ғасырда «шығарылған өнімді бөлуді анықтайтын заңдар» (Д. Рикардо) және «өндірістік қатынастар жиынтығы» (К. Маркс) болды. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде экономикалық теория белгілі нақты мақсаттарды (мысалы, ең жоғары пайда табуды) көздейтін және шектеулі (әдетте, балама) ресурстарды пайдаланатын адамның мінез-құлқы туралы ғылым ретінде анықтала бастады. ХХ ғасырда біртіндеп, экономикалық теория жекелеген экономикалық тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалардың) мінез-құлық шарттары мен тәсілдерін зерттейтін микроэкономикаға және экономикалық мінез-құлықты «тұтас» зерттейтін макроэкономикаға бөлінді.

      Ғылым тарихында кумулятивтік және эволюциялық көзқарастарды ажырату қалыптасқан. Кумулятивтік көзқарасқа сәйкес ғылыми білімдер жинақталады, сондықтан кейінгі қалыптасқан теориялар ескілердің жетілдірілуі болып табылады. Зерттеу әдістері жетіле түскендіктен кейінгі қалыптасқан теориялар кейбір бұрынғы шешілмеген міндеттерді шеше алады, алдыңғылардың қателерін түзей алады, сараптамалық салаға кейбір жаңа мәселелерді енгізе алады. М. Блаугтың пікірінше, кумулятивтік ұстаным «сараптамалық құралдардың үнемі жетілдіріліп, ұлғайтылуын, эмпирикалық деректердің үздіксіз жинақталып, реттелуін, экономикалық жүйе жұмысының бұрынғыға қарағанда жақсырақ ұғынылуын»2 білдіреді.

      Экономика ғылымының дамуындағы эволюциялық көзқарас бойынша экономикалық мінез-құлық заңдары өзгеріссіз қалмайды, олар белгілі бір уақытқа қарай айтарлықтай өзгереді. Тарихи дамудың әр түрлі кезеңдерінде экономистер түрлі экономикалық нақтылықты зерттейді және оған жаңа ғылыми парадигма сәйкес болуы керек. Осы көзқарас бойынша өзгерген шындыққа жауап беретін жаңа теориялар жасау қажет. Эволюциялық өзгеріс нәтижелері әдетте алдын ала болжанбайды. Сондықтан белгілі тарихи кезеңде аса мән берілмеген құбылыс басқа кезеңде үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін. Осы ретте ескі экономикалық ой-пікір туындаған жаңа экономикалық нақтылықты ұғынуда және жаңа модельдерді құруда тиімді болуы мүмкін.

      Экономикалық ілімдер тарихы курсы университет бағдарламаларында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болды. Дәл осы кезеңде француз

Скачать книгу


<p>1</p>

Экономикалық ілімдер тарихы: оқу құралы / Р. Елемесовтің редакциялауымен шығарылды. – Алматы: «Қазақ университеті», 1997 – 7 б.

<p>2</p>

Блауг М. Экономическая мысль в ретроспективе – М., 1994. – С. 34.