ТОП просматриваемых книг сайта:
Индуизм. Дарига Кокеева
Читать онлайн.Название Индуизм
Год выпуска 2016
isbn 978-601-04-2518-7
Автор произведения Дарига Кокеева
Жанр Прочая образовательная литература
Издательство КазНУ
Діни қатынастарды ұлттық маңызы бар мәселе ретінде қарастырған жөн. Себебі, егеменді еліміз Қазақстанның өтпелі кезеңде тоталитарлық әлеуметтік қоғамның зиянды мұраларынан толығымен айығып, өркениетті елдерге тән қоғам құруы оның ұлтаралық, діни қатынастарда дұрыс бағыт ұстауына, әртүрлі дін өкілдерінің татулығын тұрақты ете алуына байланысты. Көп ұлтты Қазақстан қоғамында түрлі діни қауымдастықтардың арасында бірлік пен татулық болса, рухани тоқыраудан шығу мүмкіндігіне ие болары сөзсіз. Сондықтан мемлекет діни қауымдастықтар арасындағы өзара байланыс пен қоғамның рухани өміріне пайдалы байланысқа түсуін қамтамасыз етуі қажет. Әрі Қазақстандағы барлық діни ұйымдардың мақсат-мүдделеріне сай шаралар жүйесі жасалып, тәжірибеге асырылып отырғаны дұрыс. Сонда ғана діни қатынастар орнықты болып, діни қауымдастықтар татулығы сақталары шүбәсіз.
Елімізде қайта өрлеу кезеңінде дәстүрлі және дәстүрлі емес бағыттар орын тепкені рас. Сол себептен қазіргі таңда тәуелсіз еліміз Қазақстанның топырағында тамырын терең жайған дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің тарихы мен олардың таралу ерекшеліктерін талдауды қажет етіп отыр. Себебі Ресей империясының отаршылдық саясаты, кейін кеңестік тоталитарлық тәртіп қазақ қоғамындағы діннің мәні мен маңызын объективті тұрғыдан жан-жақты талдап зерттеуге мүмкіндік бермеген еді. Сондай-ақ, Қазақстандағы діни жағдайды назардан тыс қалдырмай әлеуметтік қатынастардың құрамдас бөлшегі ретінде қарастыруды ескеру қажет. Өтпелі кезеңдегі діни өзгерістер мәнін түсінбей жатып, жалпы қоғамдық санадағы өзгерістер мәнін ұғыну оңайға соқпасы анық. Осы аталғандарды ескере отырып, аталмыш еңбек елімізде соңғы жылдары қоғамдық діни санаға өзгеріс жасауға тырысқан үнді дүниетанымындағы құдайлар пантеоны негізінде қалыптасқан дәстүрлі және дәстүрлі емес бағыттардың қоғамдағы қызметі мен алатын орны жайында қарастырылмақ.
Үндістан Республикасы ағылшын отарынан азат болып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қоғамның көптеген салаларында едәуір өзгерістер болды. Соның ішінде діни жағдайдың күрделі болып тұрғаны ресми және бейресми деректерден белгілі болып отыр. Өзімшіл реформаторлар дінді әлемге паш ету мақсатында аталмыш діннің көнелігін бұрмалау барысында еуропаландыру үрдісі белең алды. Ал бұл бұрмалаулар қоғамның моральдік бейнесінде көрініс тауып, адамдардың мінез-құлқының құлдырауына әкеліп соқтырды.
Үнді дінінің өз жерінде тараған сансыз ағым-бағыттарының лебі басқа елді мекендерге соның ішінде қазақ қоғамына да өз әсерін тигізбей қоймады. Оның дәлелі ретінде бірнеше жылдың ішінде тәуелсіз еліміздің, қоғамымыздың өмірінің барлық салаларында дерліктей терең, түбегейлі өзгерістер орын алғанын атай кету керек. Олай дейтініміз, Қазақстанның аумағы және тарихы сансыз мәдени-саяси ықпалдастықтардың, прогрессивтік өркениеттік – ғылыми алмасулардың, аймақтық діни-философиялық пікірталастардың сахнасына айналып келді.
Дін феноменінің негізгі ерекшелігі оның үздіксіз жаңаруы мен тосын құбылыстардан көрінуінде болғандықтан дін мәселесін зерттеу де толассыз ізденісте болуы қажет екендігін ескеруіміз қажет. Жалпы, діннің пайда болуы мен оның таралуы әр елде, әр қоғамда әртүрлі сипатта болғандықтан дінтану ілімі көп концепцияларды ұсынады. Монография хинди, санскрит тілдеріндегі индуизмнің терең сырын ашатын терминдік дереккөздерге сүйене отырып жүргізілді. Сондай-ақ, үнді дінінің қалыптасу алғышарттары талқыланып, үнді дүниетанымындағы құдайлар пантеонының негізінде қалыптасқан ағым бағыттардың пайда болу себептері қарастырылды. Себебі үнді дүниетанымындағы құдайлар пантеонының орны және даму ерекшеліктері туралы ішінара танымдық деңгейде жазылған кейбір еңбектерді айтпағанда, арнайы зерттеу жұмысы жоқтың қасы. Сондықтан Үндістан халқының басым бөлігі ұстанатын үнді дініндегі дәстүрлі бағыттарының діни-философиялық ерекшеліктерін талдауға арналған еңбек солардың бірі деуге болады.
1. ЕРТЕ ҮНДІ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ҚҰДАЙЛАР ПАНТЕОНЫНЫҢ ДІНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ
1.1 Үнді дүниетанымындағы діни түсініктің қалыптасуы
Индуизм – үнді халқының ұлттық діні. Дінді ұстанатындар индуизм дінін әлемге кең тараған діндердің бірі деп санайды. Л.В. Митрохин 1987 ж. жарық көрген «Индия: вступая в век ХХІ» атты еңбегінде индуизмді ұстанатындар саны 95 % болғандығын көрсетсе [1, 462 б.], М. Альбедиль соңғы санақ бойынша бұл дінді ұстанатындар саны 85 % Үндістан Республикасы бойынша құрағандығы анықталғандығын айтады [2, www.india.ru].
Оңтүстік, оңтүстік-шығыс Азия елдерінде, Индонезия, Фиджи аралдарында, Еуропаның кейбір елді-мекендерінде осы дін табынушылары