Скачать книгу

экономикалық әлеуетті дамыту мен орналастыру және халықты таратып орналастыру мәселелері, негізінен, нарықтық тетіктер арқылы айқындалады. Сонымен қатар мемлекет елдің орнықты экономикалық дамуы, халықтың қолайлы тыныс-тіршілігі және бар ресурстық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін жүйелі жағдайды қамтамасыз етеді. Тиісінше мемлекеттің аймақтық даму үдерістерін реттеудегі міндеттері де өзгереді.

      Бүкіл әлемде мемлекеттік басқару тиімділігін көтеру міндеті үлкен мәнге ие болуда. Бірақ барлық мемлекеттер қолдану үшін оңтайлы болып табылатын әмбебап үлгі жоқ, әрбір мемлекет тарихи дамуының белгілі бір кезеңінде өзінің ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін ыңғайлы үлгіні жасақтауы тиіс. Мұның барлығы да өз еліміздің және шет мемлекеттердің даму тәжірибелерін тереңірек талдау, ой елегінен өткізу міндеттерін жүктейді. Қазіргі кезеңде негізгі шаруашылық қызметтің аймақтарда жүзеге асырылатындығын ескерсек, оларға әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өздігінен шешуге лайықты қаржылық дербестіктің берілуі маңызды болып табылады. Осыған байланысты бүгінгі таңда мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіліктерді ажырату, бюджетаралық қатынастарды реттеу мәселелері ел аймақтарының экономикалық өсуіне мүмкіндік беретін негізгі шарттар ретінде қарастырылуда. Бұл аталып өткен мәселелер ұсынылып отырған оқу құралында қарастырылып отыр.

      Нарықтық қатынастар аясының кеңеюі, экономиканы басқару жүйесіндегі соңғы уақытта жүргізіліп жатқан өзгерістер аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жүйедегі орны мен рөліне айтарлықтай ықпалын тигізді. Сол себептен аймақ экономикасын басқару, олардың дамуын мемлекет тарапынан реттеу мәселелері өзекті бола түсері сөзсіз.

      Аймақ экономикасының ұтымды ұйымдастырылуы мен нәтижелі басқарылуы оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің шарты болып табылады. Аймақтың бәсекеге қабілеттілігі ондағы халыққа тұрақты және тиімді жұмыс орындарын құратын өнеркәсіптерді құру және іске қосу үшін аймақтың (табиғи, шикізат, еңбек, инфрақұрылым) әлеуетін қолдану дәрежесімен және тиімділігімен анықталады. Сондықтан аймақ дамуын мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты – аймақтардың тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндіктер жасау негізінде бүкіл республика экономикасының өркендеуіне жол ашу болып табылады. Көздеген мақсатқа жету мемлекеттік және аймақтық мүдделердің бірлігін, олардың ұштастырылуын көздейді.

      Оқу құралында аймақтық дамудың екі басты мәселесіне назар аударылады. Біріншіден, аймақтың әлеуметтік-экономикалық кешенінің қалыптасуы және қызмет етуі. Екіншіден, жаңа жағдайлардағы аймақтық басқару мәселелері.

      Аталған мәселелерді меңгеру аймақтық дамуға тарихи, табиғи-ресурстық, этникалық, экологиялық, саяси, сонымен қатар аймақішілік және аймақаралық байланыстарға әсер ететін құбылыстар мен барлық факторларды аймақтық тұрғыдан талдауды білдіреді.

      Ұсынылып отырған оқу құралының мақсаты – студенттерге, магистранттарға аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, аймақтық саясаттың жасақталу барысын, оның жүзеге асу бағыттарын, аймақтардың дамуын мемлекеттік реттеудің әдіс-тәсілдерін, аймақ экономикасын басқарудың бүгінгі күнгі өзекті мәселелерін оқыту. Осыған орай, оқу құралында аймақтардың қазіргі кезеңдегі даму ерекшеліктеріне, аймақтық саясатты жүзеге асырудың экономикалық механизмдеріне, аймақ экономикасының дамуын болжау мен жоспарлауға басты назар аударылды.

      1. АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУ ПӘНІ

      1.1. Аймақтық ғылым және ондағы аймақтық экономиканың орны

      Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы әрқашан да белгілі бір аумақпен байланысты болып келеді әрі оның дамуындағы аймақтық мәселелерді зерттеу қоғамды зерттеу сияқты үлкен маңызға ие. Қоғамның аймақтық дамуын география, демография, әлеуметтану, этнография сияқты ғылымның көптеген салалары зерттейді, бірақ аймақтарды, олардың даму заңдылықтары мен өзара қарым-қатынасын зерттейтін ерекше ғылым, ол аймақтық ғылым немесе аймақтану болып табылады.

      «Аймақтық ғылым» термині белгілі бір аумақтағы шаруашылық қатынастардың күрделене түсуіне және көптеген аймақтық мәселелерді шешудегі тәжірибенің жинақталуына байланысты XX ғасырдың 40-жылдарының соңына таман зерттеулердің ерекше саласына айналды. Аймақтық ғылымның дербес ғылым ретінде бөлініп шығуының негізгі себебі дәстүрлі әлеуметтік ғылыммен шешімін таппаған бұрын-соңды болған және жаңадан пайда болған аумақтық даму аспектілеріне байланысты көптеген әлеуметтік мәселелердің орын алуымен түсіндіріледі.

      Аймақтық ғылымның дербес ғылым ретінде қарастырыла бастағанына көп уақыт өткеніне қарамастан бұл саланың пәнінің көптеген анықтамасы бар. Аймақтық ғылым пәнінің анықтамалары бір-біріне қайшы келмегенімен, әрқайсысы қоғамның кеңістіктік дамуындағы белгілі бір аспектілеріне ерекше мән береді.

      Әдебиеттерде қолданылатын аймақтық ғылым пәнінің анықтамаларының негізгі ерекшеліктерін атап өтейік.

      Аймақтық ғылым – бұл аймақтар туралы ғылым, аймақ ретінде осы ғылым арқылы шешімін табатын кеңістік ареалы қарастырылады. Аймақтық ғылымның объектілері ретінде қарастырылатын аймақтар бір-бірінен көлемі бойынша әртүрлі бола алады. Олар жергілікті

Скачать книгу